Ауылым – алтын бесігім

Ауылым жеті көлдің ортасында

Бұл жолы жолымыз Науырзым ауданының Өлеңді ауылына түсті. Шынын айту керек шағын ғана ауылда жаза қояр не бар екен деп, ойланыңқырап барғанымыз рас.

Ойлана келе ауданнан 40 шақырым шалғай жатқан елді мекенге барамыз деп шештік.

Бұл шешімге негізі ауылдағы ағаш шебері, Аңсаған Торин ақсақалдың қолынан шыққан заттарды көріп, танысу себепші болды. Бірақ алақандай ауылдың тыныс-тіршілігі бізді қуантып тастады.

Өлеңді ауылы табиғаты бай, жасыл желекке оранған, жан-жағы көлмен көмкерілген шағын ғана ауыл. Ауыл шетінде Өлеңді көлі бар.

– Өлеңдіде тұрып келе жатқаныма 65 жыл. 1956 жылы келген екенмін. 1997 жылы совхоз жабылып қалды. Ауылда көп жылдар еңбек еттім. Жұмыссыз қалсам да туған жерімнен ешқайда да көшпеймін. Жасым 80-ге келгенде ешқайда да барар жайым жоқ. Ауылдың Өлеңді аталуы ауыл іргесіне тиіп жатқан көлге байланысты. Көлді айнала малға жұғымы мол өлең шөп өседі, жап-жасыл, мамықтай жұмсақ, – дейді Торин ақсақал. – Ауыл маңында жеті көл бар. Ауасы қандай, табиғаты қандай, шіркіннің!

Айтса айтқандай-ақ екен. Өлеңді көлінің сәнін келтіріп биыл аққу-қаз көп қоныпты.

– Ауылымыз мал ұстауға қолайлы. Жағалай шабындық, көлдің маңында емін-еркін өз бетімен жайылып жүре береді. Малға қарап, бағып жатқан жанды көрмейсіз. Елден кезінде көшіп кеткен азаматтар қайта оралып, мал алып, шаруашылықтарын жайлауда, – дейді ауыл әкімі Жомарт Серкенов.

Жомарт Серкенов өз ауылы жайында сағаттап айтуға дайын. Бұрындары мектепте мұғалім болған ол әкім болып, шауып жүрген жайы бар.

Кәсіптің көзі – мал шаруашылығы
Ауылда қазір бес жүзге жуық халық тұрады.

Жүзге жуық түтін бар. Әттең-айы 11 жылдық орта мектеп бала санының аздығынан 9 жылдық болып қысқарып жатыр. Ауылдан бір кездері үдере көшкендердің қатары бүгінде тоқтады.

Керісінше келушілер бар. Қызылордадан, Ұзынкөл ауданынан екі отбасы келген.

– «Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіп бастап жатқандар ауылымызда аз емес. Егінді жер 30 шақырым жерде. Жайылым да жетерлік. Ауылда 18 шаруашылық қожалығы бар. Бар жағынан да көмектесіп тұрады. Бұрынғы кетіп қалған түлектер елге келіп, қайтадан мал шаруашылығын ашып жатыр. Бір өкінішітісі бірде бір үй мал сауып, ағарған ішпейді. Бәрін дүкеннен сатып алады. Қазір қай үйге кірсеңіз де дүкеннің сүті мен бөлке нанын көресіз. Бұл жағдайдың жақсарғаны ма, әлде жалқаулық па білмеймін. Тек мамыр айында керек майын жинап алады да барлық малды күзге дейін жайылымға жібереді. Бір алаңсыз өмір. Ауылда 12 үйір жылқы болса да бір тостақан қымыз таппайсыз, – деп бір өкінішімен бөлісті ауыл әкімі.

Осылайша берекелі ауылда жылқы не сиыр сауылмайтын болды. Бірақ кәсіптің көзін тауып отырғандар баршылық. Ауылдағы қиын жағдай – ауыз су мәселесі. Аудан орталығына барар жолды қар басып қалатыны да бар. Бірақ кәсіпкерлер дер уақытында аршып отырады.

– Ауылда мал көп, бірақ бағылмайды. Чип салынған соң үйде отырып, ұялы телефонмен бақылап отыра береді. Ауылдан ет алып қалаға апарып сататын көпбалалы ана нәпақасын осы істен тауып отыр. Ауылдағы қирап, бос қалған үйлерді дұрыстап, бордақылау алаңына айналдырған жігіттер де бар. Бұл да – кәсіп. Бұл жерден Ерлан Омаров сынды танымал спортшылар шыққан. Мақтанарымыз көп, – дейді ауыл әкімі.

Тамырға жан бітірген

Біздің арнайы іздеп келгеніміз Аңсаған Торин ақсақал еді. Бүгінде сексеннің сеңгіріне бет алған қария әлі тың. «Өнерлі кісінің қолынан келмейтіні жоқ, істеген заттары керемет» дегенді аудан орталығында жүргенімізде бір емес, бірнеше кісіден естідік. Мұндай кереметті қалайша көрмеске деп келген едік.

Ақсақал үйінде екен. Бізді қуана қарсы алды. Бірден қарама-қарсы ескі үйге бастай жөнелді. Бұл үйдің бір бөлмесі түгелімен музей дерсіз. Мынадай байлықты мұндай жерде тығып ұстап отыруға болмас.

Кішкентай ғана ауылда керемет заттардың бар екенін ешкім білмейді-ау. Расымен табиғаттың ғажайып әлемі. Мүсіндердің барлығы да өсімдіктің тамырынан жасалған. Науырзым қорығын мекендейтін аң-құс, жан-жануар, жәндіктердің барлығы да бір композицияда біріккен. Бір мүсінде бірнеше аң-құстың бейнесі бар. Айналдыра қарап отырсаң бірінен бірі шыға береді.

Ғажап. Ең кереметі әр мүсін аңыз-әңгімеге негізделіп, өлеңге ұласып кете барады.

– 1997 жылы кеңшар тарады, жұмыс қысқарды. Бірде көршілерім Тельман мен Төлеш терезелерінің алдындағы теректерді кесіп, тамырын трактормен жұлып алып, біздің үй жаққа шығарып тас¬тапты. Қарап тұрсам әлгі тамырларда небір фигуралар тұрғандай көрінді. Дереу қол арамен керек жерін кесіп алып, үйге әкеліп, көзтартарлық мүсін шығардым. Осылай мүсіндердің қатары еселене берді, – дейді Аңсаған ақсақал.

Заттарға қызыға қарап, «ата, осынша әдемілікті ұстап отыра бересіз бе, музейге неге бермейсіз, көрме неге жасамайсыз?» дейміз ғой ақылсынып.

– Атама қарағым, ешкімге де бергім келмейді. Керек адам осы жерден келіп көрер, керек болмаса осында тұрар. Балаларыма да берген емеспін, тек бір баламның үйінде бір еңбегім тұр. Келініме берген едім, шүкір, неше жыл болды немерелерге ойынға бермей, бағалап жоғарыға қойған, – дейді Аңсаған ақсақал.

Бұл кісі тек шебер ғана емес, түрлі тақырыптарға ауық-ауық қалам тартып, өлең де жазатын өнері де бар. Тек осынша әдемілік жұрт көзінен таса қалғаны ойлантады.

Берекелі мекен денсаулығымды түзеді
Өлеңді ауылына Қызылорда жерінен, Арал өңірінен Әміржай Сабырдың отбасы тұрақтаған. Оңтүстік өңірдің ыстығына денсаулығы жарамаған соң осы жаққа қарай көшіпті.

– Науырзымның ауасы жақты. Халқының кеңпейілдігіне ризамыз. Мамандығым бойынша мектепте физика пәнінен сабақ беремін. Арнайы бағдарламамен келген соң жан басына 80 мың теңгеден бөлінді. Жеті балам бар. Бір жыл қыстап шықтық, әзірге қысына үйрене алмай жүрміз. Ең бастысы осында келгелі денсаулығым түзелді. Кішкентай жиенім де сал ауруымен ауратын. Ол да қазір аяққа тұрып, жүруге талпынып жүр. Енді осы жерге тамыр жайып, бау-бақша салып, мал ұстағым келеді. Келіншегім де нан өнімдерін жақсы пісіреді. Осы істі де қолға алып, кәсіп ашсақ деген де ойымыз бар, – дейді Сабыр ағамыз.

Міне, шағын ғана Өлеңдінің тірлігі осылай шалқып жатыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің тү¬бінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» деген еді.

Науырзым ауданы
Өлеңді ауылы.

Редактор

Recent Posts

«Достық әнін шырқайық» атты мерекелік концерт өтті

Бүгін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздарының қатысуымен Докучаев жалпы білім беретін мектебінде 1 мамыр - Қазақстан…

6 дней ago

Праздничным концертом в Наурзумском районе отметили 70-летие целины

18 апреля в стенах Докучаевской общеобразовательной школы прошло мероприятие, посвященное целинникам - людям, которые не…

3 недели ago

На мосту в Наурзумском районе образовалась трещина

14 апреля 2024 года на автодороги областного значения КР -20 Аулиеколь-Жолдама на мосту находящегося в…

3 недели ago

«Ауыл аманаты»: Дархан Есенбаев жылқы басын көбейту үшін 7 миллион 150 мың теңге қаражат алды

Дархан Есенбаев «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, жылқы басын көбейту үшін 7 миллион теңгеден астам…

4 недели ago

This website uses cookies.