Жастарымыз егіс алқабында жұмыс істеп жүр
«Науырзым тынысы» газетінің редакциясы жыл сайын аудан аумағындағы жеке шаруа қожалықтардың егіс алқаптарының бригадаларында іс – сапарда болып, еңбек адамдарымен кездесіп, шаруашылықтардың тыныс – тіршілігімен оқырман қауымды тыныстырып отырады.
Біздің алғашқы іс – сапарымыз Раздольный ауылы аумағында орналасқан «Сейдалин Н.» шаруа қожалығында қызмет жасайтын жас мамандарды дәріптеу үшін ат басын бұрдық.
Бүгінгі жастар қарапайым жұмысшы болуды ар санайтын сияқты. Көбісі қара жұмыстан қашып, облыс орталығындағы мейрамханаларда даяршы, болмаса, тұрмыстық техника сататын дүкендерге кеңесші-сатушы болуға бейім тұрады.
Соның салдарынан ауылдық жерлерге қажетті механизатор, тракторшы секілді жұмысшылар тобынан тапшылық сезіліп тұр. Қазіргі таңда дала еңбегін атқарып жүрген жұмысшылардың нобайы қырықтан асқан жігіт ағалары. Бұлай жалғаса беретін болса, қара жұмысшыларды да бара-бара шетелден алдыртуымыз да әбден мүмкін. Осы мақсатта елімізде жыл сайын «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» атты жоба іске асырылуда. Бұл, сөз жоқ, мектеп түлектеріне алғашқы мамандық иегері атану үшін берілген тамаша мүмкіндік. Өйткені, білім алған жас маман туған жеріне оралып, кәсіпорындар мен шаруа қожалықтарына маман ретінде қызметке орналаса алады.
Ауылдан қашып, қалаға кеткен көп жігіттерге Раздольный ауылына қарасты «Сейдалин Н.Х.» шаруа қожалығында қызмет қылып жүрген жергілікті мамандардың еңбегі үлгі. Механизатор мамандығын игерген жігіттің бірі, есімі Виктор Баранов.
Шаруа қожалық басшысы Нұрлан Хамитұлы осындай жас механизатор бар дегенде, мен таңғалдым. Жасы 18 дегі жап – жас жігіт егіс алқабына келіп, жұмыс істеп жүр дегенге бірі сенсе, бірі сенбес. Содан егіс алқабынан кездестіріп, Викторды сөзге тарттым.
— Мен осы ауылдың тумасымын. Кәсіптік колледж бітіріп, ауылға анамның қасына келдім. Анама, бауырларыма көмектесейін деп. Содан биыл алғаш қызмет жолымды егіс алқабында бастадым. Қазір өзім сияқты жастар бірден көп ақша тапқысы келеді. Ол үшін елден жыраққа, қалалық жерге аттанып, айлап, жылдап еңбек етеді де кейін қысқартуға түсіп, еңбекақылары уақытылы берілмей, ақырында ауылға кері оралады. Ал, олардың ауыр жұмысқа барғылары жоқ. Енді бірі көлік сатып ап, жолаушы тасымалымен айналысады. Болмаса, сол жақтағы азын-шоғын табысы бар жеңіл жұмысқа орналасады. Кейбір қатарластарым далалық алқаптарда еңбек етуді ұят санайды. Мен болсам, егіс алқабында егін сеуіп, адал еңбек етудемін. Қазіргі табысым жақсы. Жалақым уақытылы төленіп тұрады. Дән сеуіп те жанұямды асырай аламын, -дейді.
Өзі үйреніп қалған ортасында еңбек жолын бастағанына ол да риза. «Ағалар ылғи да ақыл-кеңестерін беріп отырады. Мен осындай адамдармен жұмыс істеп жүргеніме өзімді бақытты санаймын. Бұл сәт толқулы әрі жауапты, өйткені, менің үлкен өмірге аяқ басқандығым, биыл ең алғашқы егіс науқаным,-дейді ол.
– Жастарға қолдау көрсетіп, жол сілтесең, бойында ынтасы бар мына Виктор Баранов сияқты жастардан ертеңгі күні жақсы маман шығады. Қазірдің өзінде біраз жұмыстың басын қайырды, -дейді шаруашылықтың басшысы Нұрлан Сейдалин.
Жастайынан техникаға жақын болған ол қарапайым жұмысшы болғанына еш арланбайды да. Жұмысының еш қиындығы жоқ екендігін алға тартады.
– Механизатор жұмысының қиындығы жоқ, білмеген жерімді өзімнен үлкен ағаларымнан сұрап, үйреніп аламын,-дейді ол бізбен әңгімесінде.
Айтса айтқандай. Рас сөзінің жаны бар. Қаншама жастарымыз ауылда ата-анаға масыл болып отыр. Міне, Виктор сияқты жастарымыз көпке үлгі.
Шаруа қожалық тарапынан барлық жағдай жасалынған 3 мезгіл тамақ, жатар орын. Монша, еңбекақысынан бөлек, үйлеріне жем шөп сияқты қосымша көмектер берліп тұрады екен.
Осындайда Елбасымыздың «Дастархандағы нанды ауылдағы жұмысшылар дайындайды» деген даналығы еске оралады.
Аталмыш қожалықта еңбек етушілердің барлығы басшылықтарына дән риза. Ал басшылық жұмыскерлеріне риза.
P.S: Сөзімді қорыта айтарым, қарапайым жұмысшы тапшы болып жатқан заманда жастарымыз «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен» жүруді әдетке айналдырып, белгілі бір мамандыққа жатпайтын даяршы, күзетші сияқты жұмыстарға тұрып, қара жұмысты ұмыта бастағанда, нәпақасын адал еңбегімен тапқан жоғарыдағы Виктор жеңіл өмірге бейімделген жастарға үлгі болса екен деген тілегім бар.
Айбек ТАҢАТБАЕВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31