Тігін тігуді кәсіп қылған келіншек
Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра және мақтаныш. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігі-ұсынақтылығымен көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымдардың бірі – құрақ көрпе
Бүгінгі ұрпақ бабалардан, аналардан қалған төл өнерді заманауи үлгіде дамытып, жан-жақты жетілдіре түсуге ұмтылуда. Матаның қат кезінде қолда бар мүмкіндік шегінде ғана құрай алған көрікті көрпелерді бүгінгі шеберлер кездеме маталарды – жұмсағы керек пе, қаттысы керек пе, оюлысы ма, әле оюсызы ма, гүлдісі ме, жоқ па, түктісі керек пе, түк-сізі қажет пе, ақ, қызыл, жасыл, сары – қасына тау ғып үйіп қойып қалауынша пайдаланып, көрпені құбылта құрауда. Сондай жандардың бірі ауданымыздағы Қожа ауылының тұрғыны Қанабаева Сандуғаш Нұрлыбайқызы. Кішкентайынан он саусағынан өнер тамған кісі, кестелі көрпе, оюлы сырмақтың түр-түрін тігеді.
Басында құрақ көрпенің өзі құны жоғары кәсіптің көзі екенін ойламаған Сандуғаш ханым өзі үшін тігетін, ал қазір еңбегін бағалап тапсырыс беретін адамдар болғасын, тапсырыс қабылдап жұмыс жасап отыр. Тек ауыл іші емес, сондай-ақ сыртқы ауыл-аймақтардан да тапсырыстар келіп жатады екен.
-Мен осы Қожа ауылының тұрғынымын. Қолым бос уақытта көрпе тігумен айналысамын. «Ана көрген тон пішер» дейді, бұл өнер маған жат болған жоқ, меңгеру де оңай болды. Біріншіден, бұл – біздің ұлағаттауға татитын ұлттық құндылығымыз. Екіншіден, біз – қыз тәрбиелеп отырған анамыз. Ұлттық өнердің олардың өсуіне тигізер септігі мол екені анық. Осыны көріп өскен бала ертеңгі күні отбасына мейірімді, икемді болады. Үшіншіден, ешкімге алақан жаймастан, отымды жағып жүріп-ақ табыс табуға мүмкіндік болады екен. Төртіншіден, бұл – өте көркем жұмыс. Телефоннан алыстап, жасампаздық, шығармашылық күйде боласың. Ондай адам ешуақытта басқа біреудің басындағы проблемаға назар аударуға мұршасы болмайды. Нақты мақсатпен уақыт өткізген кісінің көңіл күйі де тұрақты болады екен»,- дейді Сандуғаш Нұрлыбайқызы.
Тігіншілікті анасынан үйренген Сандуғаш ханым бүгінде қабілетті кәсіпкер. Бұрын әжесінен көргенін, анасынын үйреткенін ұғып, сол жандардың нұсқауымен қазір іс бастап отыр. Осындай еңбек сүйер іскер жандардың арқасында ауыл көркейіп, тіршілігі қайнауда.
Әйел – шаңырақтың шырақшысы, берекенің ұйытқысы. Әйел түзде жүрсе алтын ұясының жылуы азаяды, ұрпақтың тәрбиесі кемиді. Атаның дәстүрімен, ананың алтын саусағымен жеткен ұлттық қолөнеріміздің қасиеті де осында. Бұл – киелі өнер. Төл кәсібімізбен айналысқан қыздың қылығы түзеліп, болмысы өзгереді. Ұлттық құндылығымызды ұғынады. Тек өзіңіздің уақытыңыз бен шабытыңызға ғана тәуелді ететін бұл кәсіптің рызығы мол.
Айгүл САБИТБЕКОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31