«Серпін» бағдарламасы келешекке бастар жол!
Ауданымыздағы білім саласында қызмет етіп жүрген жас маман…
Келешегіміз кемелді болсын десек, ел жастарының сапалы білім алуын қамтамасыз етуіміз керек. Осы бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жобалар атқарылуда. Жастардың сапалы білім алуы елдегі түрлі бағдарламалар аясында іске асырылуда. Солардың бірі – «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы. Күнгей жұртын теріскейге алдыртып, сондағы тіршілік қазанын қайнатуды көздеген жобаны – өңірлердің дамуына айрықша серпін берген жоба деп санаймыз. Себебі, еліміздің оңтүстік өңірлерінің жастары, өндіріс орындары дамыған, жұмысшы күшіне қажеттілік қалыптасып отырған Қазақстанның Солтүстік өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік алды.
«Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» — «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бүгінде еліміздегі ең танымал әлеуметтік жобалардың бірі. Жоба аясында еліміздің оңтүстік өңірлерінің, атап айтқанда: Жамбыл, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан облысы, Алматы облыстарының жастары, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды өңірлерінің жоғарғы оқу орындары мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында тегін білім алып, тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндіктері бар.
Осы «Серпін» жобасы жүзеге асырылғалы бері ауданымызда және ауылдарда мүмкіндікті пайдаланып келіп жатқан жас мамандар көбейіп келеді. Солардың бірі Науырзым ауданы Қожа ауылында жұмыс жасап жатқан жас маман – Гүлжамал Әмірәліқызы. 2020-2021 оқу жылы Қожа ауылында бастауыш сынып мұғалімі қызметін атқарып бастаған.
– Мен Гүлжамал Әмірәліқызы 1998 жылы 2 ақпанда Отырар ауданы, Отырар ауылында дүниеге келдім. 2015 жылы орта мектепті жақсы деңгейде аяқтап, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына оқуға түстім. «Серпін» бағдарламасы негізінде 4 жыл бойы білім алып осында жұмыс істеп жатырмын. Мамандығым бастауыш сынып мұғалімі. Маған 4-сынып оқушылары берілді. Оқу тәрбие ісін жақсы деңгейде атқарып жүрмін,-дейді жас маман Гүлжамал Әмірәліқызы.
Басқа аймақтан келген жас буынды ұжым жылы қарсы алып, білгенін үйретіп өз орталарына тартқан. Ауыл тұрғындарына да, оқушыларға да тез үйренісіп осы ауылға өз еңбегін тигізуде. Алдағы уақытта тәжірибелі ұстаздардың қатарынан боламын деген ниетте бар күшін салып еңбектенуде.
Жас маманның оңтүстік студенттеріне айтары:
– «Серпін» бағдарламасы бізге көп пайдасын тигізді. Осында қаншама студенттердің білім алуына, сапалы тәжірибе жинауына өзінің септігін тигізіп отыр. Осында білім алуға келсін, оқысын. Өздерінің еліне қай жерде болмасын пайдасын қоссын дегім келеді.
Міне, ауданымызда осындай жас болсада білімді мамандар көбейіп келеді. Еліміздің болашағы жастардың қолында. Сол себепті, мемлекет ұсынған осындай көмек түрлерін тиімді пайдаланып, еліміздің сәл де болса дамуына үлес қосайық.
Айгүл САБИТБЕКОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31