Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз
Әр ұлтты, түрлі тағдырды біріктірген Раздольный ауылының тыныс-тіршілігі
Біз арнайы ат басын бұрған ауылда жұртшылықты таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі тым күрделеніп кеткен болатын. Осыған байланысты біз де осы мәселенің жай-жапсарымен танысуды мақсат еттік.
Қазақ халқындағы «Ауыл түбі-бірлік, қауым түбі-тірлік» деген мақал ауылдың этникалық, экономикалық және рухани маңыздылығын білдіреді. Осы айтылған маңыздылықтарды ауылдық жерлер біріктірсе, бірлікпен тірлік оң нәтижесін көрсетпек. Қазіргі таңда Науырзым ауданы бойынша 2 ауылдық округ және 6 ауыл бар.
Әр ауылдың өзіндік тыныс-тіршілігі, қыр-сыры болады. Ауылдың тыныс-тіршілігін білу мақсатында, «Науырзым тынысы» газетінің редакциясы Раздольный ауылына жол тарттық. Қазіргі кезде күрделі шешім, бірақ шешілмейтін түйін жоқ демекші, жауабын таппай келе жатқан жол мәселесі.
Бұл мәселені неге қозғадық? Себебі, Раздольный ауылына баратын тас жолдың тозығы жетіп, жөнделмеуі жергілікті тұрғындардың көңіліне қаяу салып, кірбің түсіруде.
Раздольный ауылында 174 үй, тұрғылықты 600-дей тұрғын тұрады. Көбінесе, ауыл тұрғындары егін және мал шаруашылығымен айналысады. Науырзым жерінің топырағы құнарлы шөбі шүйгін болғандықтан, шаруашылықпен айналысуға қолайлы. Осы бағытты беттеп, егін шаруашылығымен айналысып жатқан шаруа қожалықтары жергілікті ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған жайлары бар. Азық-түлік және киім-кешек сататын 7 дүкен бар. Ауыл тұрғындарын нанмен қаматамасыз етіп отырған «Еңбек» шаруа қожалығының наубайханасы жұмыс істеп жатыр. Нанның бағасы грамына байланысты сатылады екен, мысалы 650 гр нанның бағасы 85 теңге. Сонымен қатар автокөліктің доңғалақтарын жөндейтін шино монтаж жұмыс істеп тұр.
ҒАЛАМТОР ЖЕЛІСІ
Қазіргі таңда цифрландыру жүйесіне орай, барлық атқарылатын қағаз жұмыстардың бәрі ғаламторға тіреліп тұрғаны мәлім. Адам өмірінің бір бөлшегіне айналған ғаламтор желісі әлі де ауылды жерлерде толықтай қамтылмай өзекті мәселеге айналуда.
– Осы ғаламтор желісінің жылдамдығы аз болғандықтан, әкімшілік үйінде және мектепте мұғалімдерге жұмыс істеуге кедергісін келтіріп тұр. Ғаламтор жылдамдығы 10 гв-қа дейін берілген, одан артық алуымызға қаржы жағы қиындық тудырады. Сонымен қатар ауылымызға медицина саласының мамандары қажет.
Ауылымыздағы ФАП-тың санитарлық-гигиеналық талаптары сақталған. Тек жедел жәрдем көлігі 2005 жылғы болғандықтан, тозығы жетіп отыр. Қазір ауылдағы тұрғындардың санын көбейту мақсатында, көптеген жұмыстар жүріп жатыр.
Оңтүстіктен-солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы негізінде наурыз айында Алматы облысы Қаскелең қаласына бардық.
Ондағы бір отбасын ауылымызға қоныстандыру мақсаты бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Олар төтенше жағдай кезіндегі, карантинге байланысты келе алмай қалды, – дейді ауыл әкімі Ерлан Алмағанбетов.
БІЛІМ ОРДАСЫ
Әр ауылда қара шаңырақ мектептің жұмыс істеп тұрғаны абзал. Раздольный орта мектебінде 74 оқушы және білім нәрімен шәкірттерін сусындатып отырған 37 мұғалім жұмыс атқарып жатыр. Оның ішінде «Дипломмен ауылға» және «Серпін» бағдарламасы сонымен қатар «Дуалды оқыту» аясында 5 жас маман жұмыс атқарып жатыр. Қазіргі жүріп жатқан індетке байланысты оқушы саны көп мектептер онлайн сабақ жүйесіне көшсе, аз оқушы бар мектептер әсіресе, ауылдық жерлерде қалыпты жағдайда сабақтар жүріп жатыр. Раздольный ауылында да екі ауысым бойынша оқу сабақтары жүріп жатыр. Талапқа сай сақтық шаралары сақталған, мұғалімдермен оқушылар бетперделерін тағып, парталарда бір-бір баладан отырып, арақашықтық тәртібін сақтауда.
Мектеп директоры Қымбат Қабылдинамен сұхбат барысында:
– Төтенше жағдайға байланысты 6 сәуірден бастап мектебіміз қалыпты жағдай бойынша жұмыс істеп жатыр. Режимге байланысты бала саны 40-тан аспау керек, сондықтан екі ауысым бойынша сабақтар жүріп жатыр. Бас кезінде оқушыларға бетперде тағу жағы қиындық тудырса, қазір үйреніп кетті. Әр кабинетте антисептик бар және қоңырау сайын парталарды сүртіп, желдетіп отырамыз. Мектептің профсоюзы атынан 100 бетперде тігілді. Көп балалы және жағдайы төмен отбасыларға бетперделер тегін берілді. Сонымен қатар қосымша бетперделермен медициналық перчаткалар бар. Оқушылар бетперделерін ұмытып немесе жоғалтып алған жағдайда, қосымша бетперделерді ала алады. Қазір мектебімізде жыл сайын өзекті мәселе болып отырған биология, химия, математика пәндері бойынша мамандардың жетіспеуі және ғаламтор желісінің төмендігі. Әр бағдарламамен келген жас мамандарға білмегенін үйретіп, көмек береміз. Тұратын жері бойынша ауыл әкімімен ақылдасып, баспана ұсынамыз. Барлығы бір үйде қоныстанады. Қандайда көмек керек болған жағдайда мектептің атынан және әкімшілік атынан көмек көрсетіледі, – дейді мектеп директоры Қымбат Қабылдина.
«Серпін» бағдарламасы аясында келген жас мамандар карантин режиміне байланысты елдерінде болғандықтан тілдесе алмадық.
«Дуалды оқыту» бағдарламасы бойынша жас маман Қаракөз Кәдіржан ағылшын пәні бойынша барлық сыныптарға сабақ береді.
Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының 3 курс студенті Қаракөз 2019 жылы Раздольный ауылына жұмыс істеуге келген.
Екі шет тілі бойынша оқып жатқан жас маман өзінің мамандығына көңілі толатынын жеткізді.
– Мектепте оқушылардың ағылшын тіліне деген қызығушылықтарымен оқуға деген ынта жігерлері басымырақ.
Оқу барысында, қосымша факультатив сабақтарын өткіземін және қазақ, орыс сыныптары арасында сайыс сабақтары болып тұрады. Раздольный ауылына жұмыс істеуге келгеніме еш өкінбейін. Осындай «Дуалды оқыту» жүйесімен оқумен қоса мол тәжірибе жинап жатырмын. Мектептегі ұстаздар білмегенімізді үйретіп, бізге өз тәжірибелерімен бөлісуде дейді, – жас маман Қаракөз Кәдіржан.
«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша екі маман жұмыс атқарып жатыр. Бірі психолог пәні бойынша, екіншісі дене шынықтыру бойынша. Психолог мамандығы бойынша 2 жылдай жұмыс атқарып жатқан Гүлдариға Жаңбыршықызы Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтын тәмамдаған. Қазір педогог-психолог мамандығы бойынша жұмыс атқарып жатыр.
– Осы сала бойынша оқушылармен жұмыс жасаған ұнайды. Балаларға ойын ашық айтуды, сонымен қатар оқушыларға кез-келген жұмыста алдыға қарай ұмтылуға мотивация беріп отырамыз. Өзіме осы ауылда жұмыс істеген ұнайды сондай-ақ жалақысы да көңілден шығады, – деді ол.
Дене шынықтыру пәні бойынша жас маман Аңсағай Жанат Қостанай әлеуметтік техникалық университетін аяқтаған.
Амангелді жерінің тумасы Раздольный ауылын өзі тандап, түйіндеме жіберген екен.
– Оқушылардың спорттық ойындарға қызығушылықтары жоғары және қосымша күрес үйірмесіне қатысады. Әсіресе, ауылымызда волейбол ойыны жақсы дамыған. Оқушыларға дене шынықтыру пәні бойынша сабақ берген ұнайды және осы ауылда әлі де жұмыс істеп, қалу жоспарымда, – деді бізге талапты маман.
АУЫЛ МӘДЕНИЕТІ – МӘНДІ МӘСЕЛЕ
Әр ауылдың мерекелік кешінің сәнін, мәнін келтіретін мәдениет үйінің өнерпаздары болатыны белгілі. Осы мәдениет үйінде жұмыс атқарып жүрген әр түрлі музыкалық аспаптарда ойнайтын Вугар Гарашов Шахлар оглы. Ол 2001 жылы Қазақстан жеріне Әзербайжан мемлекетінен қоныс аударған. Туған бауырлары Раздольный жерінде 40 жылдай тұрып келеді. Әр түрлі мамандықты тоғыстырған өнерпаз, өз балаларына аспапта ойнау әдістерін үйреткен. Елімізде карантин жарияланған уақытта аудандық мәдениет үйінің әлеуметтік желісінде Қазақстан Халқының бірлігі күні мерекесінде онлайн концерт берді.
– Өзім синтезатор және баянда, ұлым синтезаторда, жиенім Әзербайжан ұлтының аспабы нагара (барабанда) ойнайды. Балаларым мектеп ішіндегі іс-шараларға қатысып тұрады. Жұбайым үйде үй шаруашылығымен айналысады. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Қазақстан түркі тілдес ұлт болғандықтан түп тамырымыз бір. Біздің ұлтпен қазақ ұлтының салт-дәстүрі өте ұқсас болып келеді. Наурыз мейрамының ерекшеліктерінің өзі 95% ұқсас десем болады. Раздольный жерінің тұрғындары ұлтқа бөлінбей, құшақтарын айқара ашып, қонақжайлықтарын танытты дейді, – Вугар Гарашов.
Жылы жүзді Вугардың қонақжайлылығы көрініп, ешкімді жатсынбайтыны байқалды. Әр ұлтқа бөлінбей, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан Раздольный ауылы тұрғындарымен жарқын өмір сүруде.
АУЫЛДЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Ауылды ауыз сумен қамтамасыз ету – өзекті мәселе.
Көше бойымен келе жатып ауыл тұрғындарының құдықтардан темір шелекпен су тасмалдап жатқанын көрдік.
Көре сала сөзге тарттық. Кейіпкеріміздің есімін атамауды жөн көрдік.
– Осы ауылға келін болып түскеніме 15 жылдай болды. Ауылда ауыз су мәселесі өзекті мәселелердің бірі. Қыстың қытымыр суығында қалың қарда, арба сүйреп осы құдыққа келіп ауыз су тасимыз. Суды қайнатып ішеміз. Күнделікті тұрмыста пайдаланып жатқанымыз осы. Үй ауласынан жолдасым екі-үш мәрте құдық қазды. Су шықпады. Биыл ғана қайта қазып жер қыртысынан 9-10 метр тереңдіктен су шықты. Су сапасы төмен. Құм аралас. Әйтеуір, бау-бақшаға жарап жатыр. Ал ауыз суды өзіңіз көргендей тасып ішеміз, – дейді кейіпкеріміз.
Р.S. Халықтың көтерген өзекті мәселелері, өтініш тілектерін кезен кезенімен шешімін табатыны сөзсіз. Бүгінде көп жылдар бойы шешімін таппаған су мәселесі шешімін тапты. Су тіршіліктің қайнар – көзі, ертелі кеш құрлыс жұмыстары басталары анық. Сол қуанышты сәтті сіздермен аудандық газетте бөлісеміз.
Сания МЫРЗАХМЕТОВА,
көп балалы ана:
– Ауылда бәрі жақсы. Бір ғана өтінішіміз бар. Ол жедел – жәрдем көлігін берсе екен. ФАП-тағы көлік ескі. Жүргенінен жүрмегені көп. Балаларымыз ауырғанда жеке көлік жалдап ауданға баруға тура келеді.
Төлеу КЕНЖЕҒАЛИЕВА,
аудандық құрылыс сәулет бөлімінің басшысы:
– Раздольный ауылына су құбырын тарту жұмыстарының жобалық құжат сметасы аяқталып, биыл құрлыс монтаждық жұмыстары басталуына 10 млн теңге қаржы бөлінді. Үстіміздегі жылы ауылға су тартылу керек еді. Қазіргі күні тендер жарияланды. Конкурс жүріп жатыр. Алдағы уақытта ауылға ауыз су тарту жұмыстары басталады.
Бұл, халықтың көптен күткен қуанышы. Сондықтан ауылға ауыз су келеді, – деді.
Қорыта айтқанда, біздің Раздольный округіне барған сапарымыз аяқталды деуге толық негіз бар. Себебі, ауыл әкімі азды-кем шаруа тындырыпты. Оны жергілікті халық бүкпесіз айтты. Ауылдың дамуына, көркеюіне, өзекті мәселелер дер кезінде шешіліліп жатса, нұр үстіне нұр болмақ.
Айбек ТАҢАТБАЕВ, ДИНА ФАЗЫЛЖАНҚЫЗЫ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31