Бірлігі жарасқан берекелі ұжым
Биыл 15 қарашада Қазақстанның мемлекеттік егемендігінің маңызды атрибуттарының бірі – «Ұлттық валюта» теңгеге 31 жыл толды. Қазақстандық теңге осы 31 жыл ішінде өзінің өміршеңдігін көрсетті.
Елдің еңсесін түзейтін, тұғырының биік болуын көздейтін ұлттық құндылықтарымыздың әрқашанда бәсі биік. Бұл – рухани қажеттілік. Ал басқа мемлекеттермен қатар тұру үшін тереземіз тең, керегеміз кең болуы шарт. Бұл тұрғыда экономикалық бағытқа айрықша көңіл бөлу қажет. Халықтың әл-ауқаты, тұрмыстық жағдайы, нарықтағы саясат мәселесі ұлттық валютамен байланысты. Сол себепті еліміздің ішкі және сыртқы саясаты, сауда-саттық, экспорт, импорт, қаржы мәселелері валютаға келіп тіреледі. Теңгеміздің тұралап қалмауы – мемлекет назарындағы басты мәселе.
Ұлттық валюта күніне орай аудан әкімдігінің экономика және қаржы бөлімінде қызмет атқарып жүрген жандардың жұмысымен танысып, аз-кем әңгіме өрбіттік. Экономика және қаржы бөлімі аудан бюджетін қалыптастыруға, мемлекеттік қаржыны және коммуналдық меншікті басқаруға, мемлекеттік саясаттың мақсаттары мен басымдықтарын айқындауға ат салысады. Бұл салада қажырлы еңбек етіп жүрген қызметкерлер ауданымыздың бюджеттік мәселесін, шығындардың мақсатты және уақытылы игерілуін, кірістердің жоспарға сай орындалуын қадағалайды. Әлімхан Әбдікенов басшылық ететін бөлімде 5 мемлекеттік қызметші, 3 азаматтық қызметші бар. Атап айтар болсақ, Баян Асылбекова, Диана Искендирова, Нәркес Ерденова, Гүлнұр Халықова секілді өз ісінің нағыз мамандары қызмет атқарады. Ұлардай ұйысып отырған ұжым іргелі істер мен жүйелі жұмыстар жүргізіп келе жатыр.
– Негізі біз аудан көлеміндегі бюджеттік мәселелермен айналысамыз. Алайда бұл бір ауданның ғана қаржылық мәселесі емес. Бұл бүтіндей бір ұлттың экономикасына әсер ететін фактор. Біздің ұжымдағы әрбір қызметкер осы қағидаға сүйенеді. Сондай-ақ жастарға үлгі болып, ақыл-кеңесін айтып жүретін Наталья Андеревнаның еңбегін ерекше атап айтуға болады. Наталья Андреевна 43 жылдық тәжірибесі ұжым үшін үлкен өнеге, өзінің білген-түйгенімен үнемі бөлісіп отырады. Міне, осындай өнегесі мол кісілермен қатар білікті жас мамандардың ақыл-парасаты, тыңғылықты жұмыстары арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізіп келе жатырмыз. Осы орайда ұжым қызметкерлерін, сондай-ақ, қаржы саласында адал жұмыс істеп келе жатқан жандарды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын, – дейді Әлімхан Әбдікенов.
Ел экономикасының қарыштап дамуына өзіндік үлес қосып келе жатқан аталмыш мекеме қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріне қуат, еңбектеріне жеміс, істеріне береке тілейміз. Қасиетті, қастерлі Отанымыздың символы — төл теңгеміз, әлемдік қаржы нарығында – жоғарыдан көріне берсін.
Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Фотоны түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31