Баспасөз – өмір шежіресі
«Науырзым тынысы» газетімізде әр жылдары қызмет атқарған тұлғалармен байланысып, естеліктерін оқырман қауым назарына ұсынамыз.
НАУЫРЗЫМ – БАБАМ ӨМІР СҮРГЕН ЕЛІ…
Зымырап жатқан уақыт, күні кеше ғана болғандай дүниелерді еске алып, есептей бастасаң, күндер емес, зулап жылдар өтіпті…
Міне, менің журналистикаға келгеніме де биыл аттай 30 жыл. 1990 жылы аудандық партия комитетінің нұсқауымен осы саладағы алғаш еңбек жолымды бастаған «Жазира» газеті де биыл мерейтойлық 55 жасқа жетіпті. Сол кезде ашылған аудандағы тұңғыш қазақ газетінің қалыптасуына өлшеусіз өзіндік үлес қосқан аға буын Әбілқасым Тәйірбергенов, Таңат Қалмақовтарды бүгінгі күні еске алмай кетуге болмас. Тек газет емес, біздің де, яғни жас журналистердің қаламының ұшталып, маман ретінде тәжірибе жинақтауына тер төккен марқұм абзал ағалардың есімін ерекше атап өткім келеді.
Ақын ағамыз Әбілқасым сондай ақкөңіл, баладай аңғал кісі еді. Шежіре, жыр-термелер, түрлі тарихи оқиғалар дейсің бе, арамыздағы энциклопедия болатын. Редакцияның хат бөліміне келген оқырманның жазғандарын өңдеп, ерінбей талдау жасайтын және оны барлығымыз өзіміз жазғандай біліп отыратынбыз, өйткені ағай бәрін саңқылдатып айтып отыратын, ол кісі білгенін үйретуден жалықпайтын еді. Ал, Таңат Қалмақов болса, тұйық, сондай іздемпаз, дүниетанымы кең, өте еңбекқор болатын.
Жандары жанната болсын, қайран ағалар, орындары ойсырап тұр ғой… «Жазираның» тұңғыш редакторы, басшысы Асқар Жарылғасымов ағай шашын артқа сілкіп тастап, көзінен астынан бәрін байқап, бағалап отыратын. Шығармашылық адамдарын басқару деген анау айтқандай оңай дүние емес, осы кезде есіме Тоғайбай Бабыров түсіп отыр, ақын, жас, жүрек деген жырлап тұр, өлеңді төгіп-төгіп жазып тастап, сосын ауылына тартып отыратын да, содан сабасына түскен кезде бір-ақ оралатын…
Қызық, редакцияда адам көп болмаса да, қазір ойлап отырсам техникалық қызметкерлердің өздері де шығармашылыққа жақын жандар екен. Есімде Ұлжан деген қыз бала болды, хатшы-машинистка болғанымен журналистен кем емес, мақаланың артық кемін түсініп, сөз қадірін біліп түйсініп отыратын. Сонымен аз болсақ та, саз дегендей, бірлігіміз жарасқан ұжым болып қалыптастық.
Ал, аудандағы орыс тілді газет «Восход» өз алдына, бізбен қатар шығып жатты.
Басылым редакторы Естай Қалқаев болған кезде ежептәуір бедел жинап алған газетке ол кезде қызыға да, қызғана да, қарайтынбыз… Осылайша уақыт өтіп жатты, жауапты шығарушы болып келген мен, редактордың орынбасары, одан соң ұжымдағы ағаларымның қолдауымен, партияның жолдамасымен үлкен жауапкершілікті мойындауға тура келіп бас редактор болдым.
Уақыт талабына сай ұжымдағы журналистер қатары жастармен толыға бастады, газетте ауылшаруашылық бөлімі ашылып, оған Мағауия Қалиев деген өзімнің оқушым тілші болып орналасты.
Бұл Мағауияның журналистика саласына басқан алғашқы қадамы болатын. Тағдыр шығар, сонымен шәкіртім екеуміз сол салған сүрлеумен мамандығымызға қолдан келгенше адал қызмет етіп келеміз деп ойлаймын. Жалпы сол жылдары бізбен бірге еңбек еткен қыз- жігіттердің бәрі өмірде өз орнын тапқан мамандар, өз ісінің шеберлері болып шығыпты. Редакция бухгалтерлері Раушан Кәкімжанова, Гүлшат Ысқақова, Рабиға Өтегеновалар тыңғылықтылықтарымен көзге түссе, сол кезде әскер қатарынан келіп, еңбек жолын редакция жүргізушісі болып бастаған Марат Төлебаев қазір Солтүстік Қазақстан облысы ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі, ел мақтанышы. Тілегін тілеп отырамыз. Болатын бала жастайынан белгілі ғой, сондай кішіпейіл, әлі күнге дейін мерекелерде құттықтап, амандық біліп хабарласып тұрады. Уақыт өте бірге қызмет еткен жандардың бәрін сағынышпен еске аласың.
Әрине, сол жылдары аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Рамазан Тлеов, идеология жөніндегі хатшы, марқұм Тамара Зозуляға, сондай-ақ маған ақыл қосып, болашағыма бағыт-бағдар берген, журналистиканы таңдауыма бірден бір себепкер болған аудандық білім басқармасының басшысы болған, менің аса құрмет тұтар ағам Мирасбек Мұхитдинов сияқты ел азаматтарына деген алғысым шексіз.
90 жылдары партия тарап, бұрынғы социалистік кезеңдегі экономикалық байланыстардың күлі көкке ұшып, жаңадан нарықтық қатынасқа келгенде газет сияқты нақты тауар өндіріп жатпаған ұжымдар не еңбекақы бере алмайтын, не өздері жалдап отырған ғимаратқа төлейтін қаражат таба алмайтын уақыт болды. Сондай жылдары ауданға әкімшілік басшысы болып келген Мұхамеджан Жетпіспаев ағамыздың сол бір қиын-қыстау кезеңде газетке жасаған қамқорлығын қалай ұмытарсың!
Осы тұста қаржылық тапшылыққа байланысты аудандық екі газет редакциясы оңтайландырылып, орыс тілінде шығатын «Восход» газетінің бізге келіп қосылуына тура келді. Содан «Жазира-Восход» болып, егіз баладай қосақталдық. Біріккен газетке басшылық жасау оңай болмады. Десек те, Галина Рапопорт, Галина Тевс, Галина Лисименко сияқты тәжірибелі майталман журналистер, фототілші Борис Попов, Дархан Ысмағұловтар да сол уақыттың талабынан шығып, кәсіби шыңдалды. Ол кезде қазіргідей емес, газет шығарудың машақаты көп болатын. Ауданда жеке типография болғанымен оған қажетті негізгі шикізат – қағаз тапшылығы жүйке тоздыратын шаруа болды. Біз материалды Қостанай полиграфиясынан тасымалдайтынбыз.
Ал олар газет шығаратын қағазды Ресейдің Соликамск қаласынан алдырады. Сол кезде аудандық газеттерде әйел басшылар аз болды ма, әйтеуір облыстық полиграфия мекемесінің бастығы Леонид Шевченконың алдына қағаз мәселесімен сонау Науырзымнан жүк машинасын жалдап, ыстық-суыққа қарамай шаршап-шалдығып келгенде, ешқашан бетімнен қақпай, келген көлігімізді бос қайтарып көрген жоқ.
Осылай жанкештілік жасап, қазір ойласам күлкім келеді, газет жабылып қалмаса екен деген оймен намысқа тырысып, жүре беріппіз. Айта берсек, әңгіме көп, тек ұйымшыл ұжымның аянбай еткен еңбектерінің арқасында ол кезеңді де абыроймен артқа тастап, газет бүгінгі күнгі биіктен көрініп отыр деуге болады…
Иә, «Ел іші – алтын бесік» деген осы. Міне, сол «Жазираның» жалғасындай жарық көріп, Науырзым тынысын сезіндіріп жатқан басылымға мерейтой құтты болсын дегім келеді.
Әбілқасым ағаның:
Науырзым – бабам өмір сүрген елі, Жігіт боп, ақ балтырын түрген жері, –
деп басталатын өлең жолдары бар еді, сол құт қонып, береке дарыған елдің ырыздығы ешқашан ортаймасын, құрметті жерлестер!
Күлтай ӘБДІРАХМАНОВА,
Қазақстанның құрметті журналисі, ҚР ақпарат саласының үздігі
«Қазақстан – Қостанай» телеарнасының директорының орынбасары – Бас редактор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31