Аудан әкімдігінің аппаратық кеңесі өткізілді
Онда бюджеттің игерілуі талқыланды
Аптаның ортасында Науырзым ауданы әкімдігінің кеңейтілген аппараттық кеңесі өткізілді. Келісілген жиында аудандық мәслихаттың хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімі аппаратының басшысы, ауыл және ауылдық округтердің әкімдері, аудан әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері, жеке бөлім басшылары, аудандық ұйымдар мен мекемелердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе ретінде Науырзым ауданының ауыл және ауылдық округтерінің 2020 жылғы 1 қаңтарынан бастап бюджеттің 4-ші деңгейге көшуі қарастырылды. Осы мәселенің түйінін шешуге мінберге Науырзым ауданының экономика және қаржы бөлімінің басшысы – Әлімхан Әзілханұлы Әбдікенов өз баяндамасымен шықты.
Өз баяндамасында Әлімхан Әзілханұлы ауданға қарасты ауылдардың қаражаттарды игеру көрсеткіштерін де атап көрсетті. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Науырзым ауданы бойынша 2 мыңнан аса тұрғыны бар Қараменді ауылдық округіне 4-ші дәрежелі енгізілген болатын. Осыған орай игеруге деген талаптар да күшейген. Аудан әкімі қатысып отырған ауыл әкімдерінен жеке –жеке есеп сұрап, бөлінген бюджеттің толықтай игерілуін талап етіп, өзі қадағалайтынын айтып жеткізді.
Ағымдағы келесі өзекті мәселеде жылыту маусымына дайындық барысы қозғалды.
Күннің ерте сууына байланысты кейбір мекемелердің дайындығының болмауын аудан басшысы тілге тиек етті. Бірақ, жақын арада осы мәселенің шешімі де табылатын сыңайлы. Отырысты өзі тізгіндеген аудан әкімі Талғат Карбозов ауылдық округтердегі мектеп мәселесіне де көңіл бөлуді тапсырды.
Мектептердегі бала санының жетіспеушілігі сол ауылдың болашағына да зардабын тигізуі мүмкін. Дегенмен, аудан басшысы қатысушыларға нақты тапсырмалар беріп, жақын арада ауылдарға барып жиналыс өткізу жоспарымен бөлісті.
Жұлдыз Таңатқанқызы
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31