
Науырзымдықтар 60 жылдық мерей тойын сән-салтанатымен атап өтті
Кез келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлай алуы керек. Туған жерге сүйіспеншілік туған тарихыңды білуден басталады.
Еліміздің әрбір тауы мен өзені, сайы мен қыры – тұнып тұрған тарих.
Биыл Науырзым ауданы өзінің 60 жылдық мерейлі мерейтойын атап өтті. Бұл – туған жерге деген сүйіспеншілік пен тұрғындардың ерен еңбегінің айқын көрінісі. Алпыс жыл ішінде ауданымыз әлеуметтік-экономикалық тұрғыда тұрақты дамып, мектептер мен жолдар салынып, егіс алқаптары ұлғайып келеді. Тарихқа жүгінсек, Қазақ ССР-нің Жоғарғы Кеңес Президиумінің Жарлығымен 1964 жылы 31 желтоқсанда Қазақ ССР Қостанай облысының құрамына жаңа 31-ші аудан болып– Науырзым ауданы енді. Жаңадан құрылған ауданға Семиозер ауданының 4 совхозы, Октябрь ауданының 2 совхозы, Амангелді ауданының 2 совхозы және жаңадан құрылған Буравестник совхозы енді. Аудан орталығы Докучаевка, қазіргі Қарамеңді кенті болды. Аудан құрамына тиісінше Науырзым қорығы аумағы да тиесілі болды. Қазіргі таңда ауданымыз 8 ауылдық округтерден тұрады: Буравестник, Дәмді, Қарамеңді, Қожа, Раздольное, Өлеңді, Шилі, Шолақсай; Аудан халқының саны бар болғаны 8553 адам (2025ж. дерек бойынша). Ауданда 20 ғасырдың 90-жылдарының орта кезінде таратылған бұрынғы кеңшарлардың, т.б. шаруашылықтардың негізінде жаңа типтегі көптеген ауыл шарушылық бірлестіктері құрылды. Науырзым ауданы негізінен астық және мал өсірумен айналысып келеді.
Науырзымдықтар 60 жылдық мерей тойын сән-салтанатымен атап өткізді. Мерейлі мерекенің қызығы аудан орталығындаға атшабар аймағында өткен ат жарыстан бастау алды. Таңмен таласа жиналған аудан жұртшылығы екі шақырымда өткен “Құнан бәйге” және “Аламан бәйгені” үлкен ыждахаттықпен тамашалап, жас шабандоздарға жан күйер болып қолдау көрсетіп отырды. Дүбірлі доданы Науырзым ауданы әкімдігі ұйымдастырды. Оған жергілікті аттармен қатар, Ақтөбе қаласы, Ақмола, Қызылорда облыстарынан және көршілес Амангелді, Жетіқара аудандарынан да шашасына шаң жұқпайтын 40-қа жуық жүйрік қатысып, бәйгенің көрігін қыздырды. “Құнан бәйгеде” жарысты алғаш болып, жүлделі 1 орынды Амангелді ауданы еншіледі.
Жарыстың ең қызығы 16 шақырымдық аламан бәйге болды. Ат десе делебесі қозатын ағайындар аттар көрінгенде жер-жерден айқайлап жатты. Кіл жүйріктер сыналатын жарыста бәйгеге қосылған шабандоздарда намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей, сегіз айналысқа жіберілген тұлпарлардың кейбіреулері жарыс жолынан шығып қалды. Бірақ «бәйгеде тек жүйріктер озады» дегендей, қас-қағым сәтте жүйріктердің алды суырылып шығып, келе бастады. Аламан бәйгеде мәре сызығын алғаш кесіп өткен жетіқаралық «Фантастика», одан кейін Қожа ауылының «Қаратеңіз» аты, шабандоз Әубәкір Қарабала желдей ұшып жетіп, қанжығасына 2 орынды байлады.
Жалпы ауданымыздың мерейлі мерекесі аясында мәдени – спорттық ісшаралар өз жалғасын тауып, қалың жұртшылыққа жақсы көңіл сыйлады. Түс ауа аудан халқы бір мезетте бокс және қазақша күреске жан күйер болып, былғары қолғап шеберлерімен палуандарымыздың сайысқа шыққан сәттерінде тақымдарын қысып, қолдау білдірді. Боз кілемге шыққан палуандарымыз өз салмақ дәрежесінде жақсы күресп, жеңіске жетті. 74 кг-ға дейінгі салмақта “Кіші түйе палуан” атағын науырзымдық Диас Биғали иеленді. Былғары қолғап шеберлері рингке шыққан сәтте жерлестеріміз өз салмақ нәтижесінде жеңісті ешкімге бермей өз қоржындарында қалдарды.
Ауданымыздың 60 жылдығын ұлттық сипатқа сәйкестендіріп мерекелеу мақсатында “Қымызмұрыңдық” ұйымдастырылды. Жиналған көпшілік бай дастарханнан дәм татты. Ауданымыздың ауылдық округтерінен келген қымыз өңдірушілер бие сүтін баптай білетіндер қымыз ашытуда өздерінің қолданатын тәсілдерімен бөлісіп, халық жұртшылыққа бал қымыздан ұсынды.
Алпыс жылдық мерейтойға арналған салтанатты жиынды аудан халқы асыға күтті. Аудан жұртшылығын құттықтаған аудан басшысы Мәди Ихтиляпов ауданымыздың дамуына өзіңдік үлестерін қосқан бір қатар азаматқа Науырзым ауданы 60 жылдығына арналған мерейтойлық төс белгімен марапаттап, сый-сияпат жасап, құрмет көрсетті.
Өз кезегінде ауданымыздың ауданымыздың құрметті азаматы Мұхамеджан Жетпісбаев
– Мен өзімді бақытты азамат деп санаймын. Біз Қазақстан еліміз егемендік алып, Тәуелсіздікке жетіп, ата-бабамыздың мың жылғы армандары орындалып, сондай қуанышқа жеттік. Осынау айтулы мереке барысында аудан халқын мерейлі 60 жасымен құттықтаймын. Науырзым халқы жасай берсін, аудандарыңыз көркей берсін. Жартық ғасырдан астам ғұмыры бар аудан өркендей берсін, – деп ізгі лебізін білдірді.
Ауданымызбен іргелес жатқан Арқалық, Амангелді, Әулиекөл, Жангелді және Қарасу ауданы басшылары ауданымыздың 60 жылдығымен құттықтап аудан басшысы Мәди Ихтиляповқа сый-сияпат көрсетті.
Алпыс жылдық мерейтойға аудан тумалары ғана емес, арнайы келген Қазақстанның эстрада әншілері, жарық жұлдыздары Тамара Асар, Мадина Сәдуақасова, Маржан Арапбаева және Қарақат Әбілдина қонақта болып, өздерінің керемет ән шашуларын шырқап, аудан халқын мерекемен құттықтап, керемет кеш сыйлады.
Науырзымда өткен той түнде отшашумен түйінделді. Жастарға би кеші ұйымдастырылып, жиылған қауым ауыл көгінде жарқылдаған салютті қызықтады.
Жібек МЫРЗАҒАЛИ
Фотоны түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31