Қылқаламмен сырласқан ардагер
Оның қолынан шыққан суреттер тереңнен сыр шертеді
ҰҚК Шекара қызметі Қостанай облысы бойынша Департаменті әскери ұжымның атынан майор Гүлтан Исмагулова мен шекарашы ардагерлер атынан Ринат Ситдиков Ұлы Отан соғысының ардагері, Қостанай қаласының тұрғыны Андрей Шаровтың үйіне барды. Мақсаттары шекарашы ардагердің қал-жағдайын білу.
Андрей Яковлевичтің пәтерін сурет галереясы дерсің. Ол өмір бойы бояуы мен қылқаламынан ажырамаған жан. Танымал картиналардың көшірмесін салған, табиғатты қағазға түсірген. Қостанай облысының «Ленинский путь» газетінде көптеген жылдар бойы карикатура қызметін де жасаған. Соғыста сарбаз қойын дәптерін суретке толтырған. Оның біраз бөлігі бүгінгі күнге дейін сақталыпты.
Ұлы Отан соғысы ардагері Андрей Шаров 1926 жылы Саратов облысы Бакуры ауылында дүниеге келген. 1943 жылы сол жерден майданға аттанады. Жас сарбазға алғашында танктерді жоюды үйретеді. Дегенмен, ол үшін келешекте мұндай білімнің қажеті болмады. Мамандықты қажет етпейтін Украинаның батысындағы ормандарда қызмет етеді. Шекарашылардың қатарындағы қызметтің талаптары мүлдем басқа болады.
– Бізді жаудан босатылған Харковь түбіне аттандырды. Соғыс кезінде мен байланысшы лауазымында болдым. Украина неміс фашистерінен босатылғанмен кей ауылдарда қарсы топтар кездесетін, – деп еске алады ардагер.
Бандалардан құрылған топпен күресу үшін арнайы отряд жасақталады. Оның құрамында Андрей Шаров та бар. 1945 жылдың 8 мамыры – Андрей Яковлевичтің есінде жақсы сақталған. Байланысшы қызметінде жүріп, ол қаруластары ішінде Германияның тізе бүккенін бірінші болып естиді.
Соғыс ресми түрде аяқталғанымен Украинаның батысында жау топтарының қарсылықтары 1950 жылға дейін созылады. Әскерге ғұмырының 8 жылын арнайды. Содан кейін Отанына, Саратовқа оралады. Жұмысты прокуратурада хатшылық қызметтен бастайды. Содан кейін әскердегі байланысшы мамандығымен Пензада қызмет жасайды. 1955 жылы Қостанай қаласына суретші мамандығына ауысады.
Басында тұрмыстық қамтамасыз ету фабрикасымен қатар «Ленинский путь» газетінде штаттан тыс суретші қызметін қатар алып жүреді.
Андрей Шаров ерікті өрт сөндіру қоғамы үшін де сурет салады. Суреттері мұражайда сақталған. Ал майдан даласындағы суретке толы блокноттар үйінде тұр.
– Орман ішінде бүркемеленіп радиоқабылдағышпен отырған кезде үнемі жанымды қарындаш, қағаз. Табиғаттың, Жеңістің суретін салушы едім, – дейді ол.
Бүгін 94 жасында ол өзінің сүйікті ісімен әлі айналысады. Тек, кенепте емес. Дүкендерден алған қарапайым картонда. Үйге келген қонақтарына салған суреттерін сыйға тартады.
Манарбек Қарекенов, майор, ҚР ҰҚК ШҚ Қостанай облысы бойынша Департаменті
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Qostanai.Media" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-701-031-72-31